"Кел ойнаймыз" үйде ойналатын ойын түрлері
Мектепке дейінгі балаларға арналған үйде ойналатын ойындар
Психолог: Алякбар Д.Б.
Мектепке дейінгі кезең – баланың дамуы үшін ең маңызды уақыттың бірі. Осы жаста балалар ойын арқылы әлемді таниды, ойлау қабілеті, сөйлеуі және қимыл-қозғалысы дамиды. Сондықтан үй жағдайында дұрыс ұйымдастырылған ойындар баланың жан-жақты дамуына үлкен әсер етеді.
Мектепке дейінгі балаларға арналған ойындарды бірнеше түрге бөлуге болады.
Біріншіден, дамытушы ойындар. Бұл ойындар арқылы бала түстерді, пішіндерді, сандарды ажыратуды үйренеді.
Мысалы: “Түсті тап” (балаға түсті айтып, сол түсті затты табу), “Пішінді орналастыр” (дөңгелек, шаршыны орнына қою), кубиктерден үй құрастыру, пазл жинау.
Екіншіден, сөйлеуді дамыту ойындары. Бұл ойындар баланың сөздік қорын байытады.
Мысалы: “Бұл не?” (заттың атын айту), “Кім қалай дыбыстайды?” (жануарлардың дауысын салу), “Сөзді жалғастыр” ойыны.
Үшіншіден, қимылды ойындар. Баланың денсаулығын нығайтып, ептілігін арттырады.
Мысалы: “Қатып қал!” (музыка тоқтағанда қозғалмай қалу), “Қуып жет”, доппен ойнау, кедергілерден өту ойыны.
Төртіншіден, рөлдік ойындар. Бұл ойындар арқылы балалар ересектердің іс-әрекетін қайталайды.
Мысалы: “Дәрігер мен науқас”, “Дүкен”, “Отбасы”, қуыршақтармен ойнау.
Бесіншіден, музыкалық ойындар. Бұл ойындар баланың есту қабілетін және шығармашылығын дамытады.
Мысалы: ән айту, би билеу, “Қимылды қайтала” ойыны (музыкаға сай қозғалу), қол шапалақтап ырғақ ұстау.
Қорыта айтқанда, ойын – мектепке дейінгі баланың негізгі іс-әрекеті. Үйде ұйымдастырылған әртүрлі ойындар баланың ақыл-ойын, тілін, қимылын және шығармашылығын дамытады. Сондықтан ата-аналар балалармен жиі ойнап, олардың дамуына көңіл бөлуі қажет.